Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартты.
"Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 октябрьдағы № 604 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 5 майдағы № 182 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 6 майда № 20580 болып тіркелді.
2-тармақ мынадай мазмұндағы 15), 16) және 17) тармақшалармен толықтырылсын:
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Үлгілік оқу бағдарламасының мазмұны:
1) оқытудың күтілетін нәтижелері түрінде ұсынылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге;
2) қимыл, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық, әлеуметтік білім, білік, дағдыларын, өз бетінше үйрену дағдыларын, сонымен бірге аталған білім, білік, дағдыларды ерте жастағы балаларда қалыптастыруға;
3) тәрбиелеу мен оқытуға психологиялық-педагогикалық жағдай жасауға;
4) мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді бастауыш білім беру ұйымдарында оқыту үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді құруға;
5) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру арасында оқыту, дамыту, тәрбиелеу міндеттерін ескеріп, сабақтастық пен үздіксіздік ұстанымдарын қамтамасыз етуге;
6) тәрбиеленушілердің жеке және жас ерекшеліктерін ескеріп, оқу қызметіне дайындыққа;
7) креативтілікті, коммуникативтілікті, сыни ойлауды және командада жұмыс істей білуді дамытуға бағытталған әлеуметтік-тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға;
8) "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпы адами құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған.";
9, 10, 11, 12 және 13 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Денсаулық" білім беру саласы.
"Денсаулық" білім беру саласының мақсаты денсаулығы мықты, дене бітімі дамыған баланы тәрбиелеу, тәрбиеленушілердің бойында өз денсаулығына саналы түрде қарауды қалыптастыру болып табылады.
"Денсаулық" білім беру саласына ата-аналардың балаларға ерте жастан күтім жасауы мен оларды дамыту дағдыларына ие болуына жәрдемдесу, тәрбиеленушілердің негізгі қимыл түрлерін игеруі арқылы мәдени-гигиеналық дағдыларды, қимыл-қозғалыс тәжірибесін қалыптастыру, дене сапаларын және қимыл белсенділігіне қажеттілікті дамыту, түрлі ұлттық қимылды ойындарды және командамен жарыс сипатындағы ойындарды өткізу, спорттық жаттығуларды орындау, спорттық ойындардың элементтерімен таныстыру, шығармашылық қабілеттерді және командада өзара әрекеттесу дағдыларын дамыту енгізілген.
"Денсаулық" білім беру саласының мазмұны баланың денсаулығын сақтауға және нығайтуға; тұрмыста, көшеде, табиғат жағдайларында, төтенше жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға; шығармашылық, танымдық, тілдік қабілеттерді қолдана отырып, негізгі қимылдарды жетілдіру арқылы тәрбиеленушілердің қимыл-қозғалыс тәжірибесін байытуға бағытталған.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту жалпы қимылдық біліктерді, жүру мен жүгіру дағдыларын, қимылдарды үйлестіруді, гигиеналық және дене шынықтыру құралдарын қолданудың қарапайым дағдыларын қалыптастыруды, ойындарға қатысуға қалауы мен эмоционалдық жауап беруді, нұсқау бойынша қимылдарды орындауға баулуды қарастырады.
"Денсаулық" білім беру саласындағы ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) дене шынықтыруды (ерекше білім беру қажеттіліктері бар тәрбиеленушілерге арналған бейімделген дене шынықтыру);
2) қауіпсіз мінез-құлық негіздерін" қамтиды.
10. "Қатынас" білім беру саласы.
"Қатынас" білім беру саласының мақсаты ауызекі сөйлеуді қалыптастыру, өмірдегі түрлі жағдайлардағы қарым-қатынас дағдыларын игеру, оқу мен жазудың алғышарттарын қалыптастыру болып табылады.
"Қатынас" білім беру саласы тәрбиеленушілердің әр түрлі балалық іс-әрекетінде Қазақстан халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру арқылы ауызекі және байланыстырып сөйлеуді, мәнерлеп оқу мен мазмұндауды дамытуды, тілдің дыбыстық мәдениетін тәрбиелеуді, белсенді сөздік қорын байытуды, тілдік нормаларды игеруді, мемлекеттік және орыс тілдеріне үйретуді қамтиды.
"Қатынас" білім беру саласының мазмұны коммуникативтік біліктер мен дағдыларды дамытуға, балалардың түрлі іс-әрекетінде ауызекі сөйлеуді дамытуға, сөздік қорды байытуға, балалар әдебиетіне қызығушылықты дамытуға бағытталған.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту қатысымның вербалді және вербалді емес дағдыларын қалыптастыруды, тілдік ортаны құруды, сөйлеу белсенділігін, қоршаған ортаға қызығушылықты, коммуникативті әрекеттің түрлі формаларына қатысуға қабілеттілікті оятуды қамтиды.
"Қатынас" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) сөйлеуді дамытуды;
2) көркем әдебиетті;
3) сауат ашу негіздерін;
4) қазақ тілін (орыс тілінде оқытатын топтарда), орыс тілін (қазақ тілінде оқытатын топтарда) қамтиды.
10-тармақтың 5) және 6) тармақшалары алынып тасталсын;
11. "Таным" білім беру саласы.
"Таным" білім беру саласының мақсаты мектеп жасына дейінгі баланың жеке тұлғасын қоршаған әлеммен өзара іс-қимыл жасауда командада жұмыс істей білуге қажетті танымдық іс-әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгеруі үшін дамыту болып табылады.
"Таным" білім беру саласы санау дағдыларын, геометриялық пішіндер туралы түсініктерді қалыптастыруды, кеңістікті және уақытты бағдарлауды; құрылыс, табиғи және қалдық материалдар мен конструктордың бөліктерінен құрастыруды; тірі және өлі табиғат заттары мен құбылыстары жөнінде білімдерді кеңейтуді, креативтік ойлауды дамытуды қамтиды.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту көпсенсорлы қабылдау мен кеңістікті бағдарлау дағдыларын қалыптастыруға, сенсорлық ақпараттарды саралауға, сезімдік тәжірибені жинақтауға, заттық қимылдарды игеру және ойлау процестерін белсендіруге, қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыруға бағытталған.
"Таным" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) сенсориканы (бөбек жасы топтарында – 1-3 жас), математика негіздерін (мектеп жасына дейінгі топтарда – 3-6 жас);
2) құрастыруды;
3) жаратылыстануды қамтиды.
12. "Шығармашылық" білім беру саласы.
"Шығармашылық" білім беру саласының мақсаты шығармашыл тұлғаны, шығармашылық қабілеттерді, сезімдік-эмоционалдық саланы, қиялды, ойлауды, көркем талғамды қалыптастыру, ұлттық бейнелеу өнеріне баулу арқылы патриотизмге тәрбиелеу.
"Шығармашылық" білім беру саласы сурет салу, мүсіндеу, жапсыру және өнер туындыларын қабылдау мен түсіну дағдыларын, командада жұмыс істей білуді, қоршаған ортаға эстетикалық қатынасты қалыптастыруды, өнер түрлері туралы қарапайым ұғымдарды, тәрбиеленушілердің дербес шығармашылық іс-әрекетін іске асыруды қамтиды.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту шығармашылық әрекет процесінде шынайы әлемнің бейнелерін қалыптастыруды, заттық ұғымдарды айқындауды, нақтылауды және жалпылауды қамтиды.
"Шығармашылық" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) сурет салуды;
2) мүсіндеуді;
3) жапсыруды;
4) музыканы қамтиды.".
13. "Әлеумет" білім беру саласы.
"Әлеумет" білім беру саласының мақсаты ерте жастағы және мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді қолайлы әлеуметтендіру, оларды мәдени-әлеуметтік нормаларға, отбасы, қоғам мен мемлекеттің дәстүрлеріне баулу, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады.
"Әлеумет" білім беру саласы әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын игеруді; қоғамда өзін-өзі ұстай білудің адамгершілік нормаларын, сондай-ақ жалпы адамзаттық құндылықтарды меңгеруді; баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынас жасай білуін, оларға құрметпен қарауды, дербестігін тәрбиелеуді, өзінің отбасына жақындық сезімін, эмоционалды елгезектікті, жанашырлықты қалыптастыруды, қазақ халқының, сондай-ақ басқа халықтардың тарихын, мәдениетін білу мен құрметтеуді, туған жер туралы туралы түсініктерін кеңейтуді, еңбек түрлері мен түрлі мамандық иелеріне қызығушылықты қалыптастыруды қамтиды.
Ерте жастағы тәрбиеленушілерде отбасында және мектепке дейінгі ұйымдарда әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын қалыптастыру баланың өмірін қорғауға және денсаулығын нығайтуға, әлеуметтік-тұрмыстық және әлеуметтік-коммуникативтік қабілеттер мен дағдыларды: мәдени-гигиеналық біліктер мен дағдыларды меңгеруге, тәртіп ережелерін үйретуге, күн тәртібіне дағдыландыруға, когнитивтік функцияларды дамытуға (алдында туындаған қиындықтарды көре білу, көңіл-күйінің, эмоционалдық жағдайының өзгеруін көру), тұлға аралық қатынастарды құрудың негізі болып табылатын этикалық нормаларға тәрбиелеуге, отбасында және мектепке дейінгі ұйымда балалардың бір-біріне мейірімді болуына, көңіл бөлуге, қамқорлық жасау және бір-біріне көмектесу жағдайын құруға, жеке тұлғаның жайлы әлеуметтенуіне, эмоционалдық-адамгершілік қарым-қатынас тәжірибесін жинақтауға, балалар әрекетінің әр түрінде тәрбиелеу дәстүрлерінің сабақтастығын қамтамасыз етуге, туған өлкеге, еліне деген сүйіспеншілікке, оның тарихына қызығушылыққа тәрбиелеуге бағыталған.
Ақыл-ой кемістігі бар балаларды (ақыл-есі кемістігінің жеңіл және баяу дәрежесі) тәрбиелеу мен оқыту органикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру бойынша өзіне қызмет ету дағдыларын, әлеуметте өзін ұстауы мен оған қарым-қатынасын қалыптастыруға, оларды әлеуметтік және тұрмыстық ортаға тартуға, түрлі әлеуметтік-мәдени дағдыларды игеруге бағытталған.
"Әлеумет" білім беру саласының ұйымдастырылған оқу қызметі:
1) өзін-өзі тануды;
2) қоршаған ортамен танысуды қамтиды.";
13-тармақтың 3) тармақшасы алынып тасталсын;
15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"15. Оқыту қазақ тілінде жүргізілетін балалар үшін апталық оқу жүктемесінің көлемі мынадай:
1) ерте жас тобы (1 жастан бастап) – ұзақтығы 7-10 минуттан 7 сағат;
2) кіші топ (2 жастан бастап) – ұзақтығы 10-15 минуттан 9 сағат;
3) ортаңғы топ (3 жастан бастап) – ұзақтығы 15-20 минуттан 11 сағат;
4) ересек топ (4 жастан бастап) – ұзақтығы 20-25 минуттан 12 сағат;
5) мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) – ұзақтығы 25-30 минуттан - 17 сағат.";
Оқыту орыс тілінде жүргізілетін балалар үшін апталық оқу жүктемесінің көлемі мынадай:
1) ерте жас тобы (1 жастан бастап) – ұзақтығы 7-10 минуттан 7 сағат;
2) кіші топ (2 жастан бастап) – ұзақтығы 10-15 минуттан 9 сағат;
3) ортаңғы топ (3 жастан бастап) – ұзақтығы 15-20 минуттан 11,5 сағат;
4) ересек топ (4 жастан бастап) – ұзақтығы 20-25 минуттан 12,5 сағат;
5) мектепалды тобы, мектепалды сыныбы (5 жастан бастап) - ұзақтығы 25-30 минуттан 18 сағат.";
19-тармақ алынып тасталсын;
20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Туғаннан бастап 1 сыныпқа қабылданғанға дейін балалардың біліктері мен дағдыларының тізбесі Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының 2-қосымшасында берілген.";
21-тармақ алынып тасталсын;
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. Жас кезеңдері және жас топтары (балалардың жасы – 1 сентябрьтегі толық жасы) мынадай:
1) бөбек жасы – 0-3 жас:
нәрестелік жас – туғаннан бастап;
ерте жас – 1 жастан бастап (ерте жас тобы);
кіші жас – 2 жастан бастап (кіші топ);
2) мектепке дейінгі жас – 3-6 жас:
орта жас – 3 жастан бастап (ортаңғы топ);
ересек жас – 4 жастан бастап (ересек топ);
мектепалды жас – 5 жастан бастап (мектепалды тобы, мектепалды сыныбы).