"Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі № 412 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 28 қыркүйекте № 21290 болып тіркелді
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14235 болып тіркелді, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілер эталондық бақылау банкінде 2016 жылғы 12 қазанда жарияланды) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:
"Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартын (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелді) іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрыққа 1-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі | А. Аймагамбетов |
|
| Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 қыркүйегі № 412 Бұйрыққа қосымша |
| Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 12 тамыздағы № 499 бұйрығына 1-қосымша |
|
|
|
|
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы
1-тарау. Түсіндірме жазба
1. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5 және 14-баптарына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 604 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17669 болып тіркелді) талаптарына сәйкес әзірленді.
2. Бағдарламаның мақсаты: мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту үшін қолайлы және қауіпсіз білім беру жағдайларын жасау, балалардың жас және жеке мүмкіндіктеріне сәйкес білім, білік және дағдыларды, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру аясында ұлттық салт-дәстүрлерге және жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделген патриотизм мен толеранттылыққа тәрбиелеу, сондай-ақ балалардың мектепте оқуға әлеуметтік-психологиялық, тұлғалық, ерік, физикалық және зияткерлік дайындығын қалыптастыру.
3. Бағдарламаның міндеттері: баланың өмірін қорғауды және денсаулығын нығайтуды және олардың әлеуметтенуін қамтамасыз ететін заттық-кеңістіктік дамытушы орта құру, мектепке дейінгі білім берудің сабақтастығы мен үздіксіздігі ұстанымдарын қамтамасыз ету, балалардың зияткерлік, әлеуметтік және тұлғалық дамуына бағытталған білім беру салаларын кіріктіру, инновациялық әдістер мен технологияларды қолдану, тәрбиелеу, дамыту және оқыту мндеттерінің бірлігін қамтамасыз ету, мектепке дейінгі ұйым, мектеп пен отбасының бірлескен ынтымақтастығы, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ата-аналар қауымдастығының қажеттілігін қанағаттандыру.
4. Бағдарлама мазмұны:
1) күтілетін оқыту нәтижелері түрінде ұсынылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге;
2) мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту және бастауыш білім беру арасындағы оқыту, дамыту және тәрбиелеу міндеттерін ескере отырып, сабақтастық пен үздіксіздік қағидаларын қамтамасыз етуге;
3) бастауыш білім беру ұйымдарында мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілерді оқыту үшін тең бастапқы мүмкіндіктерді жасауға;
4) қимылды, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық, әлеуметтік білім, білік және дағдыларын, өз бетінше үйрену дағдыларын соның ішінде ерте жастағы балаларда қалыптастыруға;
5) тәрбие мен оқытудың психологиялық-педагогикалық жағдай жасауға;
6) тәрбиеленушілердің жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу қызметіне дайындыққа;
7) "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру шеңберінде ұлттық салт-дәстүрлер мен жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген рухани-адамгершілік дағдыларды қалыптастыруға;
8) креативтілікті, коммуникабельдікті, сыни ойлауды және командада жұмыс істей білуді дамытуға бағытталған әлеуметтік-тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.
5. Әрбір білім беру саласындағы күтілетін нәтижелер жартыжылдықтар бойынша берілген.
6. Бағдарламаның мазмұны балалардың физикалық және психикалық дамуының жас кезеңдерін ескере отырып, келесі жас топтарында іске асырылады:
1) бөбек жасы – 0-3 жас:
нәрестелік жас – туғаннан бастап;
ерте жас – 1 жастан бастап (ерте жас тобы);
кіші жас – 2 жастан бастап (кіші топ);
2) мектепке дейінгі жас – 3-6 жас:
орта жас – 3 жастан бастап (ортаңғы топ);
ересек жас – 4 жастан бастап (ересек топ);
мектепалды жас – 5 жастан бастап (мектепалды тобы, мектепалды сыныбы).
7. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын тәрбиеленушілердің игеру мерзімі - 5 жыл.
8. Бағдарлама меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдардың барлық түрлеріне және мектепалды даярлық сыныптарына ұсынылады.